Региональная служба
коммуникаций
Акмолинской области

Мобильная версия Версия для слабовидящих

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАҚСЫ АУДАНЫНА САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ БІЛІМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК ОҚУЛЫҚТАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ

31.07.2018

Ақмола облысының Жақсы ауданында «100 жаңа оқулық» арнайы жобасының аясында қазақ тіліне аударылған 18 оқулықты салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Бұл туралы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тарихи мақаласында: «Алдағы жылдары гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша қазақ тіліне әлемнің үздік 100 оқулықтарын аударып, біздің жастарымызды әлемнің үздік үлгілерінен үйренуге мүмкіндік беру қажет. 2018-2019 оқу жылында біз өз оқушыларымызды осы оқулықтар бойынша оқытуға кірісуіміз керек», - деп ұсыныс айтты.

Осы орайда, №2 орта мектептің «Рухани жаңғыру» кабинетінде «100 жаңа оқулық» жобасы аясында Жақсы ауданының әкімі Бауыржан Малғаждаровқа Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шүкеева алғаш қазақ тіліне аударылған 18 оқулықты салтанатты түрде табыстады.

Іс-шараға аудан қоғамының өкілдері, облыстық және аудандық мемлекеттік органдардың өкілдері, Өңірлік жобалау басқармасының қызметкерлері қатысты. Аталған шара аясында «Өнерлі қол - бақытқа жол» қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Атап өткен жөн, Жақсы ауданы бірінші болып «Рухани жаңғыру» мамандандырылған кабинетін ашқан болатын. Сондай-ақ, ауданның балалары үкіметтік емес ұйымдардың саммитінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде балалар басшылығының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін гран-при жеңімпаздары атанған. Сондықтан, жобаларды басқару басқармасының Республикалық орталық офисі гуманитарлық ғылымдар бойынша оқулықтардың жиынтығын алғаш болып аталған мектепке ұсынуды жөн көрді.

Бүгінде №2 аудандық мектебінің базасында орналасқан офис көптеген іс – шаралар  мен кездесулердің алаңына айналған.